ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп zakon.kz primeminister.kz сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Баға мониторингі және ден қою шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, азық – түлікпен қамтамасыз ету жөнінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.
2020 жылы Үкімет пен әкімдіктер өнімді өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағалар белгіленді, бағаны ұстап тұру міндеттемесімен “айналым схемасы” арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз алу практикасы кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Алайда, ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап бағаның 2,6% – ға өсуі байқалады. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша Жол картасы әзірленді. Құжат монополияға қарсы және сауда шараларын қабылдауды, өндірісті ұлғайтуды және кәсіпорындарды қолдауды, сондай-ақ бірқатар заңнамалық өзгерістерді көздейді.
Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша Жол картасын іске асыруға кірісуді тапсырды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне әрбір тауар позициясы бойынша баға белгілеу тізбегін егжей – тегжейлі зерделеу және нарықтың жосықсыз ірі қатысушылары арасында сөз байласуға жол бермеу үшін уақтылы монополияға қарсы шаралар қабылдау, сауда және ауыл шаруашылығы министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлық түрлері бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететін тауарлар мен шикізаттың экспорты мен импортына қатысты сауда шаралары бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұл ретте ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды, оның ішінде көтерме-тарату орталықтарын құруды, сондай-ақ сауда процестерін цифрландыруды жеделдету қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне ішкі нарықты орта мерзімді перспективада азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, оффтейк-келісімшарттар мен форвардтық сатып алу шеңберінде Азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін сатып алу мәселелерін пысықтау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде өндірушілердің қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, субсидиялауды көрсету тапсырылды.
Премьер-министр әкімдіктерге тұрақтандыру қорларының қызметінде форвардтық сатып алу схемасын қолдануды, “айналым схемаларына” қаражат бөлуді едәуір арттыруды, импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту жөніндегі жобаларды басым тәртіппен іске асыруды қамтамасыз етуді, басым ауыл шаруашылығы дақылдарының (қарақұмық, майлы, бақша, жемшөп) егіс алаңдарын ұлғайтуды тапсырды.