Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерінде су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды “Қазақпарат” жаңалықтар ресурсы.
Бұған Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы себеп болды, осыған байланысты Мақтаарал ауданының шекара маңындағы коллекторлары суға толып, екі елді мекенді су басты.
Осыған байланысты құтқарушылар азаматтарды қауіпті аймақтан эвакуациялады, ал Мақтаарал ауданында төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер басқаратын республикалық штаб құрылды. Сондай-ақ онда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Сонымен қатар, Түркістан облысына еліміздің құқық қорғау ведомствосы басшысының орынбасары Юрий Ильин мен экология вице-министрі Сергей Громов және ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жолға шықты.
Апатты-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменттерінің 267 адамы мен 26 арнайы техникасы жұмылдырылды.
Бұған Шымкенттен 300-ден астам әскери қызметші мен 28 техника апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге көмекке жіберілді.