Қазақстан Ұлттық Банкі пилоттық жобаны іске қосты, соның арқасында жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіруге болады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
“Бүгін биометриялық әдіспен қашықтан сәйкестендіруді жүргізу үшін Ұлттық банктің еншілес ұйымы пилоттық режимде сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисі енгізілді. Бұл сервис екінші деңгейлі банктерге клиенттердің жеке басын қашықтан сәйкестендіруді жүргізуге және банктік шоттар мен салымдарды ашу, төлем карточкаларын шығару, кредит беру, клиенттік құжаттама үшін өзекті деректердің толықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді Ұлттық Банкте.
Биометриялық сәйкестендіру жеке басты куәландыратын құжаттарды қолдан жасауды қоса алғанда, алаяқтық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Баспасөз қызметінде коммерциялық құрылымдар ұсынатын және жеке тұлғалардың суреттерін салыстырып тексеруге негізделген, бірақ эталондық деректер базасын пайдаланбайтын басқа да сервистер банктің талаптарына сәйкес келмейді деп атап өтті.
Сурет: today.kz