Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құрамына елдің қалалар әкімдері кірген, Литва делегациясын қабылдады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұл делегацияны Литва елшісі Васюлис Гинтаутас басқарды. Оның құрамына Укмерге, Кедайняй, Зарасай, Биржай, Кайшядорис, Рокишкис, Электренай және Мажейкяй сияқты қалалардың мэрлері кірді.
Кездесу барысында қатысушылардың назары экономика, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне аударылды.
Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік астананың басшылығы инновациялық жобаларды жүзеге асыруда Литва қалаларының тәжірибесіне қызығушылық танытатынын мәлімдеді. Әкім Алматыда қазір цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, Сағынтаев ертең Литвадан келген делегаттардың қатысуымен бизнес-форум өтетінін атап өтті.Онда бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты мәселелер көтерілетінін атап өтті.
Литва тарапы өз кезегінде өз қалаларының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы ақпарат беріп, Қазақстан Республикасының өкілдерімен тәжірибе алмасуға әзір екенін мәлімдеді.
Сурет: inform.kz