Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін таныстыру барысында Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2018 жылы, 2017 жылмен салыстырғанда, 1 трлн 883 млрд теңгеге артқанын хабарлады. Смайылов бюджет тапшылығын қаржыландыру мен теңге бағамының әлсіреуіне байланысты қарыз көлемі артты деп есептейді. Бұл туралы “Власть.kz” ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз көлемі 15 трлн 387 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 25,8%-ын құрады. 2017 жылмен салыстырғанда өсім 1 трлн 883 млрд теңгені құрады. Негізгі себеп бюджет тапшылығын қаржыландыру және шетел валюталарына қатысты теңге бағамының әлсіреуі болып табылады. Қарыз жүктемесінің лимиті қауіпсіз деңгейде. Қызмет көрсету және қарызды өтеу шығындарының бюджет кірістеріне қатынасы 12,2 % құрады”, – деп хабарлады Смайылов.
Сонымен қатар, Әлихан Смайылов Қазақстанның сыртқы қарызы, фирмааралық қарызды есепке алмағанда, 57,7 млрд долларды құрағанын мәлімдеді.
“Қарыз 2017 жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңгеге қысқарды. Квазигоссектордың сыртқы борышы көлемінің рұқсат етілген шегі бекітілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша квазигосектордың сыртқы қарызы 19,7 млрд долларды құрады”, – деді ҚР Қаржы министрі.
ҚР Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова өз кезегінде мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде екенін айтты. Сондай-ақ, ол жыл сайынғы қарыз қызмет көрсету шығындарының артуына байланысты өсе түсетінін атап өтті.
“Өткен жылы біз мемлекеттік қарыз мәселесін егжей-тегжейлі қарастырдық. Атап айтқанда, бұл мәселемен үш ведомство айналысады және бірыңғай жауапты үйлестіруші жоқ. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша енді қарызды басқаруды үйлестіру Ұлттық экономика министрлігіне бекітілді”, – деп еске салды Наталья Годунова.
Есеп комитетінде сыртқы борыштың 52%-ы немесе 82 млрд доллары тау-кен өнеркәсібімен байланысты екенін хабарлады. Сондай-ақ, көлік секторының сыртқы қарызы 11,5 млрд долларды немесе қарыз құрылымында 7%-ды құрағанын хабарлады.
“Дегенмен, экономика салаларын дамытудың басымдылығы басқа.Мұнай-газ және тау-кен өндіруші компаниялары мемлекеттік кепілдіксіз, дамуға несие алуға сөзсіз қабілетті », – деп қорытындылады Годунова.
Сурет: eadaily.com