ҚР Ішкі істер министрлігі әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ішкі істер органдары бөлімшелерінің штат санын нығайтты. Осылайша, ағымдағы жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ел Президенті берген тапсырма орындалды. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram-каналында хабарлады, деп “ҚазАқпарат”ХАА хабарлайды.
“Ағымдағы жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев штатты қалпына келтіру және ішкі істер органдары бөлімшелерінің әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі қызметін одан әрі күшейту бойынша тапсырма берді. Бұл бөлімше ІІМ құрылымында 1999 жылы құрылды, бірақ содан кейін оның штаты екі есеге қысқарды, әсіресе осы салада құқық бұзушылықтар көп болған өңірлерде”, — деп атап өтті Ерлан Қарин. Бұған дейін бұл мәселені Ұлттық Кеңес мүшесі, белгілі қазақстандық сарапшы Гүлмира Илеуова көтерген болатын, деп еске салды ол. Нәтижесінде 2021 жылғы 19 наурызда ішкі істер министрінің бұйрығымен әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат саны нығайтылды. Бұл шешім штаттық бірліктерді ішкі бөлу есебінен жүзеге асырылды. “Атап айтқанда, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшенің штат саны 129 бірлікке ұлғайды. Өз кезегінде кәмелетке толмағандардың істері және балаларды қорғау бөлімшелерінің саны екі есеге жуық — 448 бірлікке ұлғайды”, – деді Мемлекет басшысының көмекшісі.