Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Германияның біздің елдегі елшісі Тило Клиннермен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыстық атқарушы билік органының баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында қатысушылардың назары сауда-экономикалық саладағы өзара тиімді қатынасты дамыту мәселелеріне аударылды. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру барысы қаралды.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазір өңірде Германиядан келген инвесторлардың қатысуымен екі жоба жүзеге асырылуда. Олар биогаз қондырғысы мен бағалы металдарды өңдеу комбинатының құрылысы.
Германия дипломаты өз кезегінде оның елі Жамбыл облысымен ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
Тило Клиннер Германия Қазақстан өңірімен қант қызылшасын өңдеу бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты.
Кездесу аясында экономиканың түрлі салалары үшін білікті мамандарды даярлауда Германия тәжірибесін пайдалануға қатысты мәселелер қозғалды.