“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры мен Еуразиялық даму банкі стратегиялық әріптестікті нығайтуда ынтымақтасатын болады. Тиісті меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Zakon ақпарат агенттігі.
Құжатқа қазақстандық қор басқармасының басшысы Ахметжан Есімов пен Еуразиялық Даму Банкі Басқармасының төрағасы Андрей Бельянинов қол қойды.
Қол қойылған меморандум шеңберінде Еуразиялық даму банкі Қазақстанның “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ, “Самұрық-Энерго” АҚ, KEGOC, “ҚазТрансГаз” АҚ және “Тау-Кен Самұрық “ҰТК”АҚ сияқты компанияларының инвестициялық жобаларын қаржыландыруға қатысатын болады.
Сондай-ақ құжатқа қол қою барысында тараптар қаржыландыруға қатысатын банктің барлық жобалар банк қызметінің халықаралық стандартына сәйкестік өлшемдері бойынша мұқият тексеруден өтетінін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында Еуразиялық Даму Банкі “Астрахань-Маңғышлақ” магистралды суағарын қайта құру және кеңейту жөніндегі жобаны қаржыландыруға қатысатынын айтты.
Бүгінгі таңда Еуразиялық даму банкінің жарғылық капиталының шамамен үштен бір бөлігін иеленетін ірі қатысушылары Қазақстан мен Ресей болып табылады.
Сурет: zakon.kz