“Астана” халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) әкімшілігі Еуразиялық Даму Банкіне (ЕАДБ) өзінің еншілес ұйымының, атап айтқанда “Жасыл” қаржы саласында жобаларды тартуға және “жасыл” қаржы құралдарын енгізуге маманданған AIFC Green Finance Centre акцияларының пакетін сатты. Бұл туралы kapital.kz ақпарат агенттігі жазады.
“Жасыл” қаржы-бұл экологиялық таза, энергия тиімді және төмен көміртекті жобаларды жүзеге асыруға бағытталған инвестициялар мен қаржы құралдары.
AIFC Green Finance Centre акциялар пакетін сатып алудың арқасында Еуразиялық Даму Банкі АХҚО-мен бірге Орталық Азиядағы “жасыл” қаржыны ілгерілетеді және осы салада зерттеулер жүргізе алады.
Бұл жөнінде “Астана” қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты. Оның айтуынша, ЕАДБ-мен ынтымақтастық Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің экологиялық және әлеуметтік жобаларына инвестиция тартуға, сондай-ақ жалпы “жасыл” қаржы мен “жасыл” экономиканы насихаттауға мүмкіндік береді.
Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов өз кезегінде ЕАДБ Одақ мемлекеттерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында “Жасыл” экономика тұжырымдамасын енгізу және дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.