Елордалық полицейлер ҚР азаматтары мен шетелдік тұлғалардың жүргізуші куәлігін алғашқы және қайта алу (ауыстыру) тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды zakon.kz.
Көрсетілетін қызметті алушы (кандидат) жақын маңдағы мамандандырылған ХҚКО-ның бөліміне өзі жүгінуі тиіс.
Қолданып жүрген жүргізуші куәлігін мерзімі бойынша ауыстырған жағдайда жеке куәліктің түпнұсқасын немесе төлқұжатты, сондай-ақ мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжатты ұсыну қажет.
Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін ауыстырған жағдайда – жеке куәліктің (төлқұжаттың) түпнұсқасы және № 083/у нысаны бойынша медициналық анықтаманың түпнұсқасы ұсынылады.
Жүргізу куәлігін алу үшін 1,25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет, бұл бүгінгі күні 3646 теңгені құрайды. Жоғарыда көрсетілген жағдайларда теориялық және практикалық емтихан тапсыру талап етілмейді.
Халықаралық жүргізуші куәлігі теориялық және практикалық емтихандарды тапсырусыз үш жыл мерзімге, бірақ ұлттық жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі. Халықаралық жүргізуші куәлігін ауыстырған жағдайда тұлға жоғарыда көрсетілген құжаттарды ұсынады, ал шетелдік жүргізуші куәлігін уақытша сақтауға тапсырады.
Жүргізуші куәлігін алғаш рет алған не қосымша санаттар алатын адам теориялық және практикалық емтихандар тапсырады, сондай-ақ курстарды бітіргені туралы куәлік және оның көшірмесі (өз бетінше дайындалу жағдайларын қоспағанда) қосымша ұсынылады.
“А”, “А1”, “В” және “В1” санаттары бойынша өз бетінше дайындалуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінен айырылу мерзімі аяқталғаннан кейін, теориялық емтихан қайта тапсырылады, бұл жағдайда мерзімі өткен жүргізуші куәлігін ауыстырғанда ұсынылатын құжаттар тізімі қарастырылған.