Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев The National Interest журналының баспашысы болып табылатын ұлттық мүдделер орталығының президенті Дмитрий Саймспен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында оның қатысушылары жаһандық күн тәртібіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, тараптар әлемнің жетекші державалары арасындағы сындарлы диалогты одан әрі нығайтуға бағытталған шараларды қарастырды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссияның экс-төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен екіжақты кездесу өткізді, онда біздің республикамыз бен Еуроодаққа қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
“Біз Сізбен бірге ескі достармыз. Еуропалық комиссиядағы сіздің төрағалығыңыз кезінде біз кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Өздеріңіз білетіндей, мен ЕАЭО-ның құрметті төрағасы болып табыламын. Қазір біздің ұйымның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын жолға қою маңызды”, – деді Елбасы.
Өз кезегінде, Еурокомиссияның экс-төрағасы қол қойылған келісім аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту туралы Тұңғыш Президенттің сөздерін қолдады.
Сурет: elbasy.kz