Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары аясында “Вахат әл-Карама” мемориалдық кешеніне барды. Ол Абу-Даби қаласында орналасқан. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемориалдық кешенге келген мемлекет басшысы қаза тапқандарды еске алып, гүл шоқтарын қойды. Бұл мемориал 1971 жылы өз елі үшін қаза тапқан жауынгерлердің, дипломаттардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және мемлекеттің бейбіт азаматтарының құрметіне салынған.
Сапар соңында Тоқаев ескерткіштің құрметті қонақтарының кітабына жазба қалдырды.
“Сын-сынақ кезінде өз ерлігін көрсеткен батырларға арналған Мемориал болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын жеткізуге бағытталған. Өз Отанының мүддесін қорғап, қасиетті парызын абыроймен орындаған халқымыздың ұлы ұлдарын еске алуға бас иемін. Эмираттардың бауырлас халқына өркендеу мен амандық тілеймін”, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: zakon.kz