Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астана маңындағы әуе апаты салдарынан зардап шеккендерді құтқаруға көмек көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғысын білдірді.Бұл туралы ол Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми бетінде жазды.
“Алматы облысының Гүлдала кентінің тұрғындарына алғыс білдіремін, олар құтқару қызметтеріне қиын уақытта көмек көрсетті. Олар тамақ дайындап, ыстық шай таратты. Қан тапсырған алматылықтарға үлкен рахмет. Біздің халқымыз бірлігін, жақындарына әрдайым көмектесуге дайын екендіктерін тағы да көрсетті”, — деп жазды Тоқаев Twitter-де.
Республика Президентінің Жарлығына сәйкес, әуе апатында қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, оның мөлшері 4 миллион теңгені құрайды.
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы маңында жолаушылар лайнері құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Ресми болжам бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 60-тан астам адам дене жарақатын алған.
Қазір Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин бастаған үкіметтік комиссия әуе апатын тергеумен айналысуда. Келесі жылдың 10 қаңтарына дейін комиссия жұмыс қорытындылары туралы баяндауы тиіс.