Қазақстанда ақпан айында күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 27111 теңгені құрады. Бұл қаңтар айынан 0,7 пайызға немесе 196 теңгеге артық, деп хабарлайды “ҚазАқпарат” халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі, экономика министрлігінің Статистика комитетіне сілтеме жасап.
Мемлекет белгілеген тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормалары негізінде есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы ақпан айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2,5 пайызға, өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 4,2 пайызға өсті.
Күнкөрістің ең төменгі деңгейі мөлшерінің құрылымында қаңтарда ет пен балыққа арналған шығыстардың үлесі 20,5% -ды, сүт, май өнімдері мен жұмыртқаға – 16,4% -ды, жемістер мен көкөністерге – 8,4% -ды, нан өнімдері мен жарма-7,5% -ды, қант, шай және дәмдеуіштерге- 2,2% -ды құрады.
Сарапшы Сергей Лысаковтың пікірінше, елде белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі дұрыс тамақтану және тіпті физикалық өмір сүру нормаларына сәйкес келмейді.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің төмендігі, сарапшы атап өткендей, көптеген дамушы елдерге тән. Бұл мемлекеттің әлеуметтік төлемдерді үнемдеуге деген ұмтылысымен түсіндіріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі жәрдемақыларды, зейнетақыларды, шәкіртақыларды, субсидияларды және осыған ұқсас төлемдерді есептегенде негізге алынады.
Сурет: 365info.kz