Қазақстан Еңбек министрлігінің басшысы Біржан Нұрымбетов Қазақстандағы төтенше жағдайда жұмыс берушілерге қандай шара қолдану керектігін айтты, деп хабарлайды zakon.kz жаңалықтар ресурсы.
Министр төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бірқатар кәсіпорындардың қызметі шектелетін, ал кейбіреулері мүлдем тоқтатылатынын айтты.
Сондықтан Еңбек министрлігінің басшысы отандық кәсіпорындар қашық жұмыс режиміне көшуі мүмкін деп мәлімдеді. Бұл ретте, жалақы толық төленуге тиіс.
Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов, егер кәсіпорындар дистанциялық режимге ауыса алмай, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болса, онда олар өз қызметкерлеріне ең төменгі жалақы – 42 мың теңге мөлшерінде жалақы төлеуге тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, жұмыс беруші штат санын қысқарта алады, бірақ бұл жағдайда қызметкерге бір ай ішінде жұмыстан босатылғаны туралы хабарлап, орташа айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеуге тура келеді.
Қазақстандық министр министрлік Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын қадағалайтынын мәлімдеді.
Сурет: zakon.kz