ҚР Парламенті Сенатының Бюро мүшелері ағымдағы жылдың 1 сәуірінде өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті. Бұл туралы “ҚазАқпарат” ХАА Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра хабарлайды.
Депутаттар ТМД-ға мүше мемлекеттер бойынша бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың орындалуы туралы Конвенцияны ратификациялауды қарайды. Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да отырыстың күн тәртібіне енгізілді. Оны қабылдау мемлекетаралық стандарттау құжаттарын таратудың бірыңғай ережелері мен рәсімдерін бекітуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Сенат отырысында депутаттар “Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдар және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын қарайды. Бұл жұмыстың нәтижесі ЕАЭО аумағында бағалы металдар мен асыл тастардың еркін айналымын қамтамасыз етуге жағдай жасау болады.