Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Атыраудағы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған интернат тәрбиеленушілерін ұрып-соғу жағдайына түсініктеме берді, деп хабарлайды sputnik.kz.
Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі тәрбиешілер ұзақ уақыт бойы 98 баланы ұрып, жұмыс істеуге мәжбүр еткендігі туралы ақпарат таратты. Балалар өздерінің физикалық ерекшеліктеріне байланысты ұзақ уақыт қайғы-қасіреттері туралы айта алмады.
Өткен жылдың желтоқсан айында ұрып-соғу оқиғасының бірі бейнекамераларда тіркелді. Оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 140-бабының екінші бөлігі (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мекеме қызметкерлері тергеу кезінде атқарып жатқан қызметтерінен шеттетілді.
“Осы интернаттағы балалардың өмірі түбегейлі өзгеруі керек деп есептеймін. Және біз мұны қадағалаймыз. Мен үшін мұндай жағдайлар – әлеуметтік қызметтердің тікелей кемшіліктері”, – деді Дариға Назарбаева және интернат тәрбиеленушілерінің алдағы тағдыры сенаторлардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті.
Сурет: almaty.tv