Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ортақ Қаржы нарығын құру тұжырымдамасы бойынша жұмысты 2019 жылы аяқтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз қызметі.
“ЕАЭО-ның ортақ Қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді. Біз үкімет пен ұлттық банктегі әріптестерімізбен ағымдағы жылы құжат бойынша жұмысты аяқтауға ниеттіміз”, – деді жұма күні ЕЭК экономика және қаржы саясаты бойынша министрі Тимур Жақсылықов Ресей Банкінде өткен ЕАЭО мүше-мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің валюталық саясаты жөніндегі кеңес отырысында.
Тараптар бағалы қағаздар нарығы секторында ықпалдасу, ұлттық нарыққа қатысушыларды ортақ қаржы нарығына өзара қабылдау рәсімдері, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ақпараттық өзара іс-қимыл және қадағалау мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсанында Еуразиялық “бестік” елдерінің басшылары ЕЭО мемлекеттерінің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктеріне ЕЭК-пен бірлесіп одақтың ортақ Қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Тұжырымдама оларды іске асыру кезеңдері мен іс-шараларын көрсете отырып, жалпы қаржы нарығын қалыптастырудың негізгі мақсаттарын, міндеттерін және негізгі бағыттарын, оның жұмыс істеуінің құқықтық негізін, қаржы нарығын реттеушілердің ақпараттық өзара әрекеттерін және әкімшілік ынтымақтастық тәртібін, ЕАЭО жалпы қаржы нарығын реттеу бойынша міндеттері мен өкілеттіктерін айқындауы тиіс.