Германия астанасында Федералдық канцлер ведомствосы ғимаратының алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасының канцлері Ангела Меркельмен салтанатты кездесуі өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты іс-шара кезінде Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның әнұрандарын орындады, содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель құрметті қарауыл ротасының сапынан өтті.
Бұдан кейін Германия канцлері Қазақстан Президентіне неміс тарапының ресми тұлғаларын таныстырды, ал Тоқаев, өз кезегінде, Меркельді Қазақстан делегациясымен таныстырды.
Кездесуге қатысушылар екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға байланысты мәселелерді қарастырады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, тараптар Орталық Азияға қатысты Еуроодақ саясаты мәселелерін қозғайды.
Келіссөзден кейін мемлекет басшысы мен Германия канцлері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізып, қол жеткізілген келісімдер туралы айтады.