Байқоңырда карантиндік режимді ағымдағы жылдың 20 маусымына дейін ұзартты. Бұл қаулыға қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин қол қойды, деп хабарлайды “Қазақпарат” ақпарат агенттігі.
Бусыгиннің айтуынша, Байқонырдағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты қалада карантин ұзартылады. Онда 28 инфекция оқиғасы тіркелді.
Карантинді ұзартуға байланысты қала әкімшілігінің басшысы тұрғындарға жүгініп, Байқоңырда барлық карантиндік шаралар Қызылорда облысында енгізілген шектеулермен қатар жүріп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Константин Бусыгин Байқоңыр әкімшілігі қазақстандық медициналық ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
“Жедел штабта ресейлік және қазақстандық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері бар, сондықтан барлық шешім бірге қабылданады. Біз популистік шешімдер қабылдамаймыз, вируспен күресте пәрменді нәтиже беретін шешімдерді ғана қабылдаймыз”, – деді Бусыгин.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 14238 жағдайы ресми түрде расталды, 9056 адам вирустан емделді.