Азаматтық белсенді Алнұр Ильяшевке қатысты қозғалған іс бойынша сот талқылауы барысында прокурор Дастан Мырзағали сотталушыны үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды “ҚазТАГ” жаңалықтар ресурсы.
Қадағалау органының өкілі белсенді төтенше жағдай режимі жағдайында жалған ақпарат таратқаны үшін түрмеге қамау түріндегі жазаға тартылуы тиіс деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, прокурор соттан азаматтық белсендіні бес жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.
“Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін, жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында Facebook аккаунты арқылы мемлекеттік билік органдарының дәрменсіздігі туралы пікір қалыптастыруға бағытталған мақала жариялады. Осылайша, жалған ақпарат таратып, қоғам қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірді. Сотталушының кінәсі толық дәлелденді деп санаймын. Ильяшев кінәсін толық мойындамады және жасаған әрекетіне өкінбеді”, – деп атап өтті прокурор.
Алнұр Ильяшевты ағымдағы жылдың 17 сәуірінде ішкі істер органдарының қызметкерлері ұстады. Содан кейін оған Nur Otan партиясы туралы жалған ақпарат таратты деген айып тағылды.
18 маусымда сот процесі кезінде қадағалау органының өкілі айыптау актісін оқыды, алайда онда азаматтық белсенді біздің еліміздің басқарушы партиясы туралы жалған мәліметтерді таратқаны айтылған жоқ.
Сурет: informburo.kz