Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұлов, Гана Республикасының елшілері Лесли Ача Опоку-Уаре, Дания Корольдігі – Карстен Сендергорд, Зимбабве – Майка Санго, Молдова Республикасы – Андрей Негуц, Сан-Марино – Джон Мацц, Черногория – Рамиз Башич, Біріккен Танзания Республикасы – Симон Марко Мумви және Фиджи Республикасы – Манас Такгисакибауды қабылдады. Бұл туралы сыртқы саяси ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында шетелдік елшілер еліміздің сыртқы саясатының басымдықтары туралы хабардар болды. Сонымен қатар, олар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен танысты.
Сонымен қатар, дипломаттар бір-бірімен ынтымақтасуға уағдаласты. Олар екіжақты тауар айналымының өсуіне, сондай-ақ мәдени және қоғамдық байланыстарды жақсартуға жәрдемдесетін болады.
Шетелдік елшілер кездесу аясында еліміздің сыртқы саяси және экономикалық жетістіктерін жоғары бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР сыртқы істер министрі шетелдік елшілерге екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын жемісті қызмет тіледі.