Қазақстанның әскери дәрігерлер тобы Бейрутқа ұшып кетті. Олар 4 тамызда онда қалалық портта болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетеді, деп хабарлайды zakon.kz жаңалықтар ресурсы
Қазақстанның қорғаныс ведомствосы өкілдерінің айтуынша, Ливан астанасына 29 медицина маманы мен еліміздің Қарулы Күштерінің жеке құрамынан 4 аудармашы жіберілді.
Қазақстанның әскери дәрігерлер тобының құрамында хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персонал бар.
Қазақстан дәрігерлері Бейруттағы әріптестеріне жарылыс салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық жәрдем беруге көмектесетін болады.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Ливанға әскери дәрігерлерді жіберуге қатысты мәселені пысықтауды тапсырған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Бейрут портындағы жарылыс салдарынан кем дегенде 150 адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам дене жарақатын алған.