Қазақстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының өкілдері Ливан астанасында болған жарылыс салдарынан зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсету мақсатында біздің елдің бір топ әскери дәрігерлері Бейрутқа жеткенін айтты.
Қазақстандық әскери дәрігерлер Бейрутқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жіберілді. Келген отрядты Ливан Қарулы күштері мен осы елдің сыртқы саясат ведомствосының өкілдері қарсы алды.
Дәрігерлермен кездесу барысында Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Али Дирани оның елінің басшылығы Қазақстан көрсеткен көмекті жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
Ливанға келген топтың құрамында 29 медицина маманы, оның ішінде хирургтар, травматологтар және нейрохирургтер, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрамынан 4 аудармашы бар.
Бұған дейін хабарланған ақпарат бойынша, 4 тамызда Бейрут портында орын алған жарылыс нәтижесінде 158 адам қаза тауып, 6 мыңнан астам адам дене жарақатын алды.
Ливан астанасында болған жарылыстан кейін, Қазақстан басшысы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізіп, зардап шеккен адамдарға көмектесу үшін Бейрутқа біздің әскери дәрігерлеріміздің тобын жіберуді тапсырды.
Сурет: sputniknews.kz