Қазақстанның ірі SCAT авиакомпаниясы биылғы жылдың 30 қарашасынан бастап Алматыдан Медина мен Джидда қаласына тұрақты түрде тікелей рейстерді жүзеге асыра бастайды. Бұл туралы Қазақстан Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет өкілдері Мединаға тікелей авиақатынастар сенбі, ал Джиддаға – сәрсенбі күндері жүзеге асырылатынын айтады. Олардың айтуынша, жаңа тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ведомствода жаңа рейстердің ашылуы діни бірлестіктер мен бизнес-ортасы өкілдеріне, туристерге Сауд Арабиясына сапарларын жоспарлауға ыңғайлы болатынын атап өтті.
Комитет өкілдері екі мемлекеттің авиациялық ведомстволары арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарға сүйене отырып, Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуекомпаниялары елдер арасында аптасына 4 жолаушы және 3 тұрақты жүк рейстерін орындай алатынын атап өтті.
Сурет: otyrar.kz