Қазақстан Республикасының заңнамасында жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді, алименттерді және басқа да төлемдерді есептеуге арналған шоттардан ақшаны өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Осыған байланысты қандай да бір әлеуметтік төлемдер алатын азаматтарға осындай арнайы шоттар ашу ұсынылады, деп хабарлайды Kazpravda.kz.
ҚР ҰБ баспасөз қызметі хабарлағандай, “Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес банктен қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда, қарыз алушының ағымдағы шоттарындағы ақшасынан даусыз төлемді талап ету арқылы өндіріп алу құқығы бар.
Бұл ретте, мұндай өндіріп алу, оның ағымдағы шотындағы ақша сомасының немесе кейіннен қарыз алушының банктік шотына түсетін ақшаның әрбір сомасының 50% алумен шектеледі.2017 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы кезеңінде банктер аталған заңнама талаптарын бұзуға жол берді. Бұл ретте, кейбір банктер қарыз алушының келісімінсіз, қарыз бойынша мерзімі өткен берешек сомасына ақшаны өндіріп алуды төлем ордері негізінде клиенттің ақшасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде ақшаны есептен шығару бойынша шектеуді сақтамай жүзеге асырды, бұл үшін банктерге тиісті ықпал ету шаралары қолданылған.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді немесе ақша аударымдарын жүзеге асыру ережесіне қарыз алушының келісімінсіз қарыз бойынша берешекті есептен шығару үшін төлем ордерін пайдалану банктерінің практикасында болдырмау үшін өзгерістер енгізілді және қазіргі уақытта қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті есептен шығару үшін төлем ордерін қолдануға банктік шот иесінің есептен шығаруға жеке өкімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.Сондай-ақ 2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап “Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы”, “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” Қазақстан Республикасы Заңдарының төлем талабы негізінде, қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс мөлшерінен кем емес сомада ақшаны өндіріп алу кезінде жеке тұлғаның ағымдағы шоттарында сақтауға қатысты нормалары енгізілетін болады. Осылайша, қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті төлем талабы негізінде 50% шегінде өндіріп алу кезінде банктік шотта ең төменгі күнкөріс мөлшерінен кем емес сомада ақша қалуы тиіс.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға арналған алименттерді, азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақ ақшаларын, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша халықтың жинақтаушы салымдарын есептеуге арналған шоттардан ақшаны өндіріп алуға тыйым салу көзделген.
Сондай-ақ заңнамада ақшаны есепке алу мақсаттары үшін “арнайы” шоттар ашу тәртібі белгіленген.
Ұлттық Банкке қаржы қызметтерін тұтынушылардан жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және алименттерден ақшаны есептен шығару туралы шағымдары түсті. Өтініштерді қарау кезінде көрсетілген төлемдер есептелген банк шоттарын қарыз алушының, өндіріп алуға тыйым салынатын, “арнайы” шоттар режимінде ашпағаны анықталды.
“Маңызды! Егер Сіз кәмелеттік жасқа толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға жәрдемақы және әлеуметтік төлемдерді, алименттерді алушы болсаңыз, онда бұл жағдайда Сізге “арнайы” шот ашу қажет”, – деп атап өтті Ұлттық Банкте.
Сурет: Kazpravda.kz