ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров зығыр мен басқа да майлы дақылдардың Қытайға экспортталуы туралы айтты, деп “ҚазАқпарат”ХАА тілшісі хабарлайды.
“Зығыр нарығын біз жақында аштық,мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында хаттамаға қол қойдық. Қытай тарапынан зығырға деген сұраныс өте үлкен, бірақ бізде болжамдар жоқ, өйткені біз тек қана қытайлықтармен келіссөздерді бастаймыз”,-деді Сапархан Омаров KazOil 2019 III халықаралық конференциясының алдында. Журналистер министрге рапс Қытайға экспорттауға қатысты сұрақ қойды.
“Қытайлықтар өз аумағына әкелінетін кез келген тауарға қатаң талаптар қояды. Келіссөздер процестері өте ұзақ уақыт жүріп жатыр. Рапс бойынша келіссөздер жүргіземіз, менің ойымша, келесі жылдың бірінші жартысында біз ашамыз. Өйткені қытай тарапы мамандарды осында жібереді, олар біздің алаңымызды, біздің өңдеуші кәсіпорындарымызды тексереді. Содан кейін ғана олар біздің тауарды іске қосады. Сонымен қатар зығыр бойынша біз осындай тынымсыз жұмыс жүргіздік. Біздің міндетіміз – көптеген өнім түрлері үшін Қытай нарығын ашу”, – деп атап өтті министр сұрақтарға жауап бере отырып.
С. Омаров сондай-ақ майлы дақылдарды экспорттаушылар үшін көлік шығындарын өтеу мәселесін қозғады. “Біз қазір ҚР сауда және интеграция министрлігімен тасымалдау шығындары соңғы нүктеге дейін қайтуы үшін жұмыс жүргізудеміз. Бұрын олар тек Қазақстан шекарасына дейін қайтып келген. Біз теңіз державасы емес, нарықтардан алыстап келеміз, сондықтан біз бұл мәселеде тауар өндірушілерді қолдауға тиіспіз”, – деп қорытындылады спикер.