Қазақстанның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Әлімбаев Үндістан Республикасының Президенті Рам Натх Ковиндуға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тапсыру рәсімі кезінде Үндістан басшысы өзінің елі мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа сенімді екенін атап өтті, сондай-ақ Қазақстан елшісін дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтады.
Өз кезегінде біздің еліміздің дипломаты Үндістан Президентіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған экономиканы жетілдіру және әлеуметтік саланы жақсарту бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының ақпараты бойынша, кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту,екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Сурет: mfa.gov.kz