Қазақстанның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын Сауд Арабиясының азық-түлік және дәрі-дәрмек қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі бас басқармасының атқарушы президенті Хишам аль-Жадхиймен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының ақпараты бойынша, кездесуде халал өнімдер сертификатын алу үшін Сауд тарапы белгілеген талаптар мен стандарттарға қатысты мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ келіссөздер аясында Қазақстан елшісі Сауд Арабиясы басқармасының атқарушы президентін елімізде халал индустриясын дамытуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Кездесу соңында азық-түлік өнімдеріне халал стандарттарды үйлестіруде өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Сауд Арабиясына экспорттауға жол ашады.