Қазақстандағы бітімгершілік полкінің оқу-жаттығу орталығында Ливандағы миссияны жүзеге асыру үшін әскердің 5-ауысымын дайындап жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз бөлімінде айтылды.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (ХҚКК) өкілдері біздің елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік операцияларына қатысу үшін ұлттық бітімгершілік контингентін даярлау барысында әскери қызметшілермен кезекті тренинг ұйымдастырды.
25 әскери қызметкер екі күн халықаралық гуманитарлық құқық мәселелерін оқыды, сондай-ақ бітімгершілік операциялар кезінде соғыс ережелерін қолдану ерекшеліктерін қарастырды.
“Бүгінгі алған білім қарулы қақтығыстар жағдайларында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қолдануда қазақстандық әскери қызметшілердің әлеуетін нығайтуға қызмет етеді деп үміттенеміз”, – деп түсіндірді Қазақстандағы ХҚКК миссиясының басшысы Мәдина Бакиева.
Бұл іс-шара комитет пен елдің қорғаныс министрлігі арасындағы жылдық серіктестік жоспарын жүзеге асыру аясында өтті.
Қазір Ливан Республикасында 4-ші бітімгершілік рота міндетін атқаруда. Оның миссиясы осы жылдың наурыз айында аяқталады.
Сурет: 24.kz