Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының басшысы Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды zakon.kz ақпарат ресурсы.
Бүгін, 24 шілдеде, Шавкат Мирзиеев 63 жасқа толды. Осыған байланысты, телефон арқылы сөйлесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан көшбасшысын туған күнімен құттықтап, мемлекеттік қызметте алдағы уақытта да табыс тіледі.
Сондай-ақ, Президент Тоқаев достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын дамытудағы Мирзиеевтің үлесін жоғары бағалады.
Бұдан басқа, телефон арқылы әңгіме барысында Республика басшысы өзбекстандық әріптесіне Сардоба су қоймасының бөгетінің бұзылуы салдарынан, Мақтаарал ауданының ауылдары су астында қалған Түркістан облысына көрсеткен көмегі үшін алғысын айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бөгеттің бұзылуынан зардап шеккен Өзбекстанның Сырдария облысының тұрғындарына азық-түлік тауарларын жіберу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Телефон арқылы сөйлесудің соңында Президенттер Қазақстан мен Өзбекстандағы коронавирус жағдайын талқылады, сондай-ақ инфекциямен күресте іс-қимыл үйлесімділігін жалғастыруға келісті.
Сурет: rus.azattyg.org