Желіде Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасының тұжырымдамасы пайда болды. Ол қоғам мен мемлекетке қауіп төндірмейтін сотталғандарды жазадан босатуды қарастырады, деп хабарлайды «ҚазТАГ» ақпараттық ресурсы.
Республикамызда тұтқындарға рақымшылық жасау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасы. Ол ІІМ-нің 2020 жылғы 29 қазанда өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Тұжырымдамада барлығы 4 мыңға жуық қамаудағыларды босату жоспарланып отырғаны айтылған. Еліміздің азаматтары мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталған адамдарға рақымшылық жасалады. Яғни, жыныстық қатынас қылмысы, экстремистік және лаңкестік қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан адамдарға бұл шараның қатысы болмайды.
Сондай-ақ, заң жобасында онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағап, жауапкершілікке тартылатын азаматтарға қатысты қылмыстық істерді тоқтату көзделеді.
Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, оны қабылдау бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, кейін оны отандық қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға бағыттауға болады.




