“Полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидатын қамтамасыз ету үшін көшелерде полиция қызметін атқару тәртібі қайта қаралады, деп брифингте ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.
“Құқықтық тәртіпті, жеке және қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың тыныштығын және халықтың қылмыстық сипаттағы қауіп – қатерлерден қорғалуын қамтамасыз ету-полицияның негізгі міндеті. “Полицияның қадамдық қолжетімділік” қағидатын қамтамасыз ету үшін көшелерде, тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде қызмет атқару тәртібі қайта қаралатын болады”. – Ораз.
Оның айтуынша, биылғы жылы полицияның көшелердегі құқықтық тәртіпті нығайту және отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысы күшейтілетін болады.
“Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, сондай — ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылатын болады”, – деп ресми өкіл қосты.
Сондай-ақ, ол полиция жасақшаларының тәулік бойы кезекшілігіне және азаматтарды қабылдауға арналған жаңа үлгідегі стационарлық полиция бекеттерін орнату жалғастырылатынын, қалалар мен елді мекендерде бейнебақылау жүйелері кеңейтілетінін айтты.
“Айта кету керек, бүгінде елімізде жедел басқару орталықтарының 6,5 мың бейнебақылау камерасы, үйлердің аулаларында 63 мың камера орнатылған. Нәтижесінде қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар саны өткен жылы 89 мыңнан 43 мыңға дейін, оның ішінде көшелерде екі еседен астам азайды”, — деп Нұрділдә Ораз атап өтті.
Сурет: zakon.kz