Біздің республикамызда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімін өзгерту туралы шешім қабылданды, себебі сайтқа ірі хакерлік шабуыл жасалды. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Электрондық қаржы орталығының мамандары мемлекеттік сатып алу сайтына, өзінің тарихында, ең ірі хакерлік шабуылдың жасалғанын, нәтижесінде портал 9 мамырдан бастап нашар жұмыс істейтінін айтты.
“Мемлекеттік сатып алу порталының жұмысы 9 мамырдан бастап DDos-шабуылының салдарынан қиындап кетті. Мамандардың айтуынша, осындай ауқымды хакерлік шабуыл алғаш рет орын алды. Аталған оқиға бойынша ҰҚК мемлекеттік техникалық қызметімен бірге тиісті шаралар қабылдауда”, – деді орталықта.
Хакерлік шабуылға байланысты әлеуетті өнім берушілердің құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік сатып алу және шарттарға қол қою мерзімдерін ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Мемлекеттік сатып алудың электрондық порталы мемлекеттік сатып алуды нақты уақыт режимінде жүзеге асыру үшін құрылды. Атап айтқанда, жүйе тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасында тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге шарттар жасауды қамтамасыз етеді.
Бұған дейін елімізде кибершабуыл саны екі жарым есеге артқаны хабарланған. Осылайша, Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бастап үш мыңнан астам ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы анықталды.
Сурет: rbc.ua