Қазақстанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар пакеті туралы айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарат ресурсы хабарлайды.
Мемлекет басшысының айтуынша, біздің республикамызда дағдарысқа қарсы шаралар пакеті 4,4 триллион теңгені – 10 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар, ол бұл қаражат дағдарысқа қарсы тұру үшін жеткілікті болатынын айтты.
“Бұл дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнес үшін сын болады. Оның сабақтары ескерілуі тиіс. Демек, жедел шаралардан басқа, біз жағдайды тұрақтандырғаннан кейін өмір сүруге арналған жүйелі тәсілдерді әзірлеп, қабылдау міндеті тұр”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, өткен отырыс аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарына жәрдемақы төлеуді, шағын және орта бизнес салықтарының мерзімін ұзартуды тапсырды. Ол осындай тапсырмаларды төтенше жағдай режиміне байланысты берді.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша коронавирус инфекциясына байланысты күшейтілген режимде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігерлер мен полицейлер айлық жалақысы көлемінде сыйақы алады.
Сурет: zakon.kz