Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі басшысының орынбасары Данияр Есин біздің Республикамызда азаматтық қоғам мен оның институттарын дамытуға бағытталған 11 заң қабылдау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Оның айтуынша, заңнамалық түзетулер блогын азаматтық қоғам мен оның институттарын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылдау жоспарланып отыр.
“Саяси партиялардың, кәсіподақтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, еркін және әділ сайлаудың, жергілікті өзін – өзі басқарудың қызметіне, азаматтардың бірлестіктер мен бейбіт жиналыстар бостандығына құқығын жүзеге асыруға қатысты шамамен 11 заң жобасын әзірлеу жоспарлануда”, – деді ол.
Сонымен қатар, Данияр Есин азаматтық қоғам институттары мемлекеттік билік органдарымен бірлесе отырып, 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында көрсетілген нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапкершілікті бөлу керектігін атап өтті.
Сурет: e-history.kz