Минскіде біздің елдің Беларуссияға сауда миссиясы аясында ұйымдастырылған Қазақстан-Беларусь бизнес-форумы өтіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форумға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Асқар Бейсенбаев екі елдің бизнес-топтары арасындағы ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы өзара сауда көлемі артқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Асқар Бейсенбаев биылғы жылдың соңына дейін Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымының көлемі бір миллиард доллардан асатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан дипломаты өз сөзінде Беларуссия астанасында Қазақстанның сауда үйін ашу туралы ұсыныс жасады. Елшінің айтуынша, бұл екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Сауда министрлігі басшысының орынбасары Қайрат Төребаев өз кезегінде біздің өндірушілер импортты алмастыру бойынша беларустық бағдарламаға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық делегация Минскіде. Сауда миссиясының бірінші күнінде қазақстандық және белоруссиялық кәсіпорындар арасында 200 миллион теңгеден астам сомаға келісім-шарттар жасалды.
Сурет: Gov.kz