Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Ташкентте өзбекстандық әріптесі, Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің басшысы Сардор Өмірзақовпен кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті қарқындату мәселелерін қарады. Олар жаңа көлік жолдары мен логистика орталықтарын ашуды талқылады. Бұл туралы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің баспасөз бөлімінде айтылды.
Тараптар екі елдің ірі қалалары арасында халықаралық автобус қатынасын іске қосу, Түркістан – Шымкент – Ташкент жүрдек теміржолы мен Үшқұдық – Қызылорда көлік жолын салу мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар, қатысушылар кедендік нормалар мен стандарттарды жеңілдету және үйлестіру мүмкіндіктерін, заманауи логистикалық орталықтар құру жобаларын, сондай-ақ мемлекеттік шекаралардағы бақылау-өткізу пункттерін қайта құру мәселелерін талқылады.
Тараптар “Орталық Азия”халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру шеңберінде әріптестікті жалғастыруға уағдаласты.
Кездесу соңында қатысушылар екі елдің ынтымақтастығын кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Жол картасын бекітті. Ол өнеркәсіптік кооперацияның жиырмадан астам жобасын іске асыруды көздейді.
Біздің еліміз Өзбекстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында пандемияға байланысты шекаралардың жабылуына байланысты екі республика арасындағы өзара сауда 16,5 пайызға төмендеді.
Сурет: sputniknews.ru