Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі зертханалардың қызметкерлеріне төлем жасау ережесіне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz ақпарат ресурсы.
Денсаулық сақтау министрі зоналық вирусологиялық зертханада болып, оның ұжымымен кездескенін айтты.
“Бұл тәулік бойы жұмыс істеп, коронавирустық инфекцияға сынама алып жатқан, ең тәжірибелі вирусологтар, зертханашылар мен мамандар . Бұл тәулік бойы пациенттер, қаланың емханаларымен байланыста болатын, жедел жәрдем, медициналық қызметкерлер мен әскери бөлімдерден ПЦР-тест сынамасын тәулік бойы алып келетін орын”, – деді Біртанов.
Министрдің айтуынша, кездесу барысында ол зертхана қызметкерлерімен бірге қосымша төлемге байланысты мәселелерді талқылай отырып, төлем ережелерін өзгерту керек деп шешті.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясы тарала бастағанда осы зертхананың қызметкерлері тәулігіне 600 тест жасаса, қазір бұл көрсеткіш 2 мыңға жетті.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың 5850 жағдайы тіркелді, олардың ең көп саны Алматыда – 1709 жағдайы анықталды.