Биыл қазақстандықтарды медициналық қызмет көрсету саласында қандай жаңалықтар күтіп тұр, деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов, деп «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі хабарлайды.
«2021 жылға қор амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын көмектің қолжетімділігін арттыруды, ауылдық денсаулық сақтауды қолдауды, қашықтықтан медицинаны, скринингтік бағдарламаларды, мейірбике ісін, патронаж қызметін дамытуды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр», – деді Болат Төкежанов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның айтуынша, қордың айтарлықтай назары балалар денсаулығын қаржыландыруға бағытталады. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту – «Аңсаған сәби» және ЭКҰ арттыру бойынша «Қамқорлық» бағдарламалары.
«Қосымша қаржыландыру неонаталдық скринингтер өткізуге және сәбилердің психофизикалық дамуын бағалауға, сондай – ақ мектеп медицинасын дамытуға бөлінетін болады», – деп Болат Төкежанов хабарлады.
Барлық бастамалар қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілгені атап өтілді. 2021 жылы халыққа медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге, оның ішінде ТМККК – 1,1 трлн теңге, МӘМС – 700 млрд теңге қарастырылған.
Белгіленген бағыттардан басқа, дәрігерлердің жалақысын 30% – ға дейін және орта медициналық қызметкерлердің жалақысын 20% – ға дейін арттыру шеңберінде тарифтерді 132 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі артады, осы бағыт бойынша қаржыландыру көлемі 20% – ға өседі.