Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қақтығыстарда биологиялық қаруды қолдануға тыйым салатын хаттаманы ратификациялауға қатысты заңға қол қойды. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.
Адам денсаулығына зиян келтіретін әр түрлі газдарды және бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салатын бұл хаттама Женевада 1925 жылдың маусымында қол қойылған.
Бұл құжат біздің мемлекет үшін маңызды, өйткені осы хаттамаға қатысушы елдердің соғыс жүргізудің бактериологиялық және химиялық құралдарына тыйым салуға бағытталған жалпыға бірдей саясатты қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастығына тікелей әсер етеді.
Құжаттың басты міндеті осындай қаруды соғыста қолдануға тыйым салатын халықаралық құқық нормаларын анықтау болып табылады.
Хаттамаға қол қоятын ел биологиялық қаруды әскери мақсатта пайдаланбайтын жауапкершілікті өзіне алады.
Қазақстан Республикасының бұл құжатты ратификациялауы біздің еліміздің жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы сындарлы саясатының дәлелі болып табылады.