Новосибирск қаласында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі қазақстан-ресей комиссиясы мүшелерінің отырысы өтті. Талқылаудың басты мәселелері халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің су ресурстарының ластануы мен сарқылуының алдын алу жөніндегі шаралар болды. Бұл туралы Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің телеграм-каналында хабарлады.
Отырысқа біздің ел тарапынан бірлескен комиссияның тең төрағасы – экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев, Ресей тарапынан-су ресурстары федералды агенттігі басшысының орынбасары Вадим Никаноров қатысты.
Сондай-ақ, кездесуге екі елдің министрліктерінің, су шаруашылығы ұйымдарының, гидрометеорологиялық қызметтерінің, жергілікті билік органдарының және өзге де бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Жұмыс топтарының басшылары екі мемлекет арасындағы трансшекаралық өзендердің барлық бассейндері бойынша есеп берді. Сонымен қатар, қатысушылар биылғы көктемгі су тасқыны барысы, су қоймаларын толтыру, сондай-ақ ортақ су ағындарының су ресурстарының ластануы мен сарқылуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы деректермен алмасты.
Экологиялық жағдайға, сондай-ақ Жайық өзенінің гидрологиялық режимін жақсартуға ерекше назар аударылды. Талқылау аяқталғаннан кейін тараптар Жайық, Ертіс және т. б. ірі өзендердің бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша әріптестікті жандандырудың бірыңғай Жол картасын қабылдады.
Сурет: inform.kz