Қазақстан әскери қызметкерлері “Орталық-2019” халықаралық әскери оқу-жаттығуларына қатысу үшін Орынбор облысына барады. Әскери іс-шара осы жылдың 9-23 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуров хабарлады.
” “Орталық-2019″ оқу-жаттығуының негізгі кезеңі Орынбор облысындағы Донгуз полигонында өтеді. Бірқатар тактикалық маневрлер басқа мемлекеттердің полигондарында пысықталатын болады – Қазақстанда төрт полигон, Қырғызстандағы бір полигон және Тәжікстандағы 201-ші Ресей әскери базасы іске қосылады”, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша “Орталық-2019″ әскери оқу-жаттығуларына Қазақстан мен Ресейден басқа Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің, атап айтқанда, Қытай, Пәкістан, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның әскери қызметкерлері қатысады.
Әскери оқу-жаттығу екі кезеңде өтеді деп жоспарлануда. Бірінші кезең кезінде әскери қызметшілер лаңкестік қатерге тойтарыс беру қабілеттерін көрсетеді. Екінші кезеңде олар шартты қарсыласты жою керек.
” “Орталық-2019″ Ауғанстандағы жағдайға байланысты Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірқатар міндеттерін пысықтауды қамтитын болады, сондықтан бірқатар тактикалық эпизодтар басқа мемлекеттердің полигондарында пысықталатын болады. Содан кейін негізгі маневрлер басталады, олар негізінен Ресейдегі орталық әскери округ аумағында өтеді”, – деп қосты Юнус-Бек Евкуров.