Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшысы Нұрлан Ермекбаев Өзбекстанның Қорғаныс министрі Баходир Құрбановпен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екі елдің қорғаныс министрліктерінің басшылары әскери саладағы ынтымақтастықтың перспективасын талқылады.
“Өзбекстан-Қазақстанның аймақтағы, оның ішінде қорғаныс саласындағы негізгі серіктесі. Біздің елдеріміздің Қарулы күштері арасындағы әскери дайындық, кадрлар даярлау, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға қатысу сияқты салалардағы ынтымақтастық екі тараптың мүдделеріне жауап береді”, – деді Ермекбаев.
Одан кейін Министрлер “Чирчик” полигонына аттанды, онда “Қалқан-2019” арнайы-тактикалық оқу-жаттығуының белсенді кезеңі өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, “Қалқан-2019” арнайы-тактикалық оқу – жаттығуының негізгі мақсаты – терроризмге қарсы бірлескен операцияларды дайындау және өткізу бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары аталған оқу-жаттығулардың ұйымдастырылуын жоғары бағалап, бауырлас екі мемлекеттің әскери қызметшілері бөлімшелерінің іс-қимылдарының үйлесімділігін атап өтті.