Қазақстандық Энергетика министрлігінің басшысы Нұрлан Ноғаев ОПЕК+ келісімі елдерінің кездесуіне қатысты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген қазақстандық министр мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы ағымдағы келісім әлемдік мұнай индустриясына оң әсер еткенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол ОПЕК+ келісімі мұнай қоймаларының іркілуін болдырмауға мүмкіндік бергенін, соның нәтижесінде қара алтынға әлемдік бағаның тұрақты өсуінің оң серпіні байқалатынын атап өтті.
Қазақстанның Энергетика министрлігі хабарлағандай, кездесудің маңызды бөлігі осы жылдың шілде айының соңына дейін тәулігіне 9,7 миллион баррель деңгейінде мұнай өндіруді жалпы қысқартуды ұзарту туралы шешім болды.
ОПЕК+ мүше мемлекеттер басқа ірі мұнай өндірушілеріне жүгініп, оларды қара алтын өндіру көлемін қысқартуға қосылуға шақырды.
Бұған дейін Қазақстан Энергетика министрлігі басшысының орынбасары Әсет Мағауов біздің еліміз мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерді толығымен орындауға ниетті екенін айтты.