Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан қауіпсіздік кеңестерінің аппараттары арасында кеңейтілген жоспарлы консультациялар өтті, деп ХАА “ҚазАқпарат” Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қалмұханбет Қасымовтың және Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Дамира Сағынбаевтың төрағалығымен өткен келіссөздер барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Тараптар өңірлік қауіпсіздіктің ағымдағы және болжанып отырған тәуекелдері мен қатерлері туралы пікір алмасты, халықаралық терроризм мен діни экстремизм көріністеріне бірлесіп қарсы іс-қимылды егжей-тегжейлі қарастырды.
Сондай-ақ, консультациялар барысында есірткінің заңсыз айналымына және көші-қон заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрестегі екі елдің мемлекеттік органдарының ынтымақтастығы талқыланды. Осы салалардағы өзара іс-қимылдың жай-күйіне талдау жүргізілді және оны жақсарту бойынша ұсыныстар ұсынылды.
Жұмыс қорытындысы бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдарына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, Қ. Қасымов пен Д. Сағынбаев Қазақстан мен Қырғызстанның қауіпсіздік кеңестері аппараттары арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.