Біздің мемлекетіміздің Энергетика министрлігінің басшысы Нұрлан Ноғаев ОПЕК+ кезекті министрлер отырысына қатысты. Отырыста мұнай өндіруді қысқарту мәселесі қарастырылды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Ноғаев өткен жылы қабылданған ОПЕК+ келісімі әлемдік мұнай нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ, министр бұл құжат мұнай индустриясына оң әсерін тигізіп отырғанын баса атап өтті.
Министрлер конференциясының қорытындысы бойынша ОПЕК+ қатысушы мемлекеттері “қара алтын” өндіруді қысқартудың ағымдағы деңгейін үстіміздегі жылдың ақпан және наурыз айларына ұзарту туралы шешім қабылдады.
Біздің республика мен Ресей Федерациясы үшін жеке шарттар келісілді. Бұл шарттар бойынша, Қазақстан ақпан және наурыз айларында мұнай өндіруді тәулігіне 10 мың баррельге, ал Ресей – тәулігіне 65 мың баррельге арттырады.
Қазақстанның Энергетика министрлігі ақпан айында ОПЕК+ аясында біздің еліміз үшін міндеттемелер тәулігіне 1,427 миллион баррельді, ал наурызда – тәулігіне 1,437 миллион баррельді құрайтынын нақтылап айтты.
Бұған дейін Энергетика министрлігі ОПЕК+ келісімінің арқасында біздің мемлекет жекелеген мұнай кен орындарының апатты жағдайда тоқтап қалуын болдырмады деп айтқан болатын.
Сурет: rg.ru