Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев басқарған біздің мемлекеттің делегациясы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында өткізілген СІМ аралық консультацияларға қатысты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Корея делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ким Гон басқарды.
Отырыс барысында тараптар саяси, сауда, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, делегация өкілдері шетел инвестицияларын, жаңа технологияларды тартуды және екі мемлекет арасында түрлі салада тәжірибе алмасуды талқылады.
Іс-шара соңында тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне ие екенін атап өтті және екіжақты, сондай-ақ көпжақты бағыттардағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге келісті.
Сурет: inform.kz