Бүгін Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Израиль Мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Лиат Вексельманмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасын орнату мәселесін талқылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттердің авиациялық биліктерінің қолданыстағы уағдаластықтары бойынша авиакомпаниялар 7 тұрақты жолаушылар рейсін және 2 жүк рейсін жүзеге асыруға құқылы. Вексельман Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында елдер арасындағы туристік ағынын ұлғайтуды және Алматы мен Нұр-сұлтан әуежайларында жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау құқығын беру арқылы тікелей әуе қатынасын орнатуды ұсынды.
“Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасында тікелей әуе қатынасын орнату бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы екі достас мемлекет арасындағы өзара қарым – қатынасты нығайтуға, сондай-ақ екі елдің туризмін табысты дамытуға ықпал етеді”, – деп хабарлады азаматтық авиация комитетінде.