Біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттер — ГРЕКО тобына кірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов осының арқасында шетелден қылмыскерлерді экстрадициялауды әлдеқайда жылдам жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болғанын мәлімдеді.
Төрағаның айтуынша,Қазақстан Республикасы осы халықаралық ұйымға ресми қосылған елуінші ел болды. Олжас Бектенов осыған байланысты қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың еуропалық стандарттарға сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізілетінін хабарлады.
“Шетелде іздеуде жүрген қылмыскерлерді экстрадициялау және заңсыз активтерді қайтару мүмкіндігі артады. Жалпы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінде 65 қылмыскерді іздестіруде. Олардың 33-і шетелде. Бұл жұмыс белсенді жүргізілуде”, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Сурет: inbusiness.kz